Павлодар облысының тұрғындары өзен суын ішіп отыр

Павлодар облысындағы Жаңатілек ауылының тұрғындары өзеннен арбалап су тасып ішіп отыр. Өйткені елді мекенде орталық су құбыры да, құдықта та жоқ. Өркениеттен тыс қалған ауыл әлеуметтік нысаннан да ада, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Май ауданындағы Жаңатілек ауылында қазір небәрі тоғыз үй ғана бар. Тұрғындарының саны елуге жетпейді. Сондықтан елді мекен болашағы жоқ ауылдар санатына жатады. Аз халықтың негізгі күн көрісі - қолдағы азын-аулақ мал.

"Бұл ауыл бір кезде жақсы ауыл болған, үлкен ауыл болды әжептәуір. Одан кейін мүлде кейін кетіп қалды деуге болады. Ел ыдырап, көше бастады, жұмыс жоқ", - дейді ауылдың ақсақалы Еренғайып Мүбараков.   

Шағын ауылда су жоқ. Кезінде кешенді блок модуль болған. Қазір оның қаңқасы ғана қалды. Жер асты суы өте тереңдікте орналасқандықтан құдық қазу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар тіршілік нәрін жақын орналасқан Ақсу өзенінен тасып ішеді. Қыста мұзды ойып су алса, жазда арбалап жеткізеді.

"Міне, біздің ішіп жатқан су осы. Біз де ішеміз, мал да ішеді. Сапасы туралы білмейді ешкім. Әйтеуір ағынды су болғаннан кейін алып ішіп жатырмыз, басқа ішетін су жоқ", - дейді Жаңатілек ауылының тұрғыны Қайырбек Шамсүлеев.  

Жаңатілекте бұрын бастауыш мектебі және клубы болған. Қазір бірде бір әлеуметтік нысан жоқ. Балалары аудан орталығында интернатта оқиды. Үш жыл бұрын жабылып қалған клубтың ғимараты құлауға шақ. Бір қызығы, елді мекен Павлодар қаласы мен Май ауданы орталығынан көп алыс емес дәл ортада қоныс тепкен. Курчатовқа баратын республикалық жол бойынан үш жарым шақырым ғана қашықта. Осы үш шақырымды еңсеру тұрғындар үшін қиямет қайым. Әсіресе, көктем мен жаңбырлы күндері Жаңатілекке жету мұң.

"Қыста қар жауса қар басып қалады, жазда жаңбыр жауғанда батпақ болып, қатынасқа қиын болады. Жедел жәрдем кіре алмайды. Солай жағдай", - дейді ауылының тұрғыны Ерболат Аушайықов.

Үш жыл бұрын Май ауданы топтық су құбырына қосылып, жол бойындағы елді мекеннің барлығы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Алайда Жаңатілек ауылы бағдарламаға кірмей қалды. Жан басы елуге толмайтындықтан бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Аудан әкімі Ағыбай Әміриннің айтуынша, қолдан келер қайран жоқ.

"Трасса бойында су құбыры бар. Ол жерде гидрант кран бәрі тұр, жалғай салуға болады. Бірақ ұзындығы үш жарым шақырым, ол бірсыпыра қаражат. Бюджеттен біз ақша бөліп бере алмаймыз, өкінішке қарай", - дейді аудан әкімі.

Павлодар облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілдерінің мәліметінше, өңірдегі ауыл халқының 95 пайызы таза ауыз сумен жабдықталған. Алайда Жаңатілек секілді елді мекендерді көргенде цифрларға сену қиын.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!