Павлодар облысының әкімі опырылған шахтада қаза тапқан құтқарушылардың отбасына барды
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов "Майқайың-алтын" АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде қаза болған құтқарушылардың отбасына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы Instagram-дағы парақшасында жазды.
Әкімнің сөзінше, қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына оларды ешкім жалғыз қалдырмайтынын жеткізу үшін барған.
"Бердібек Сарқыттың туған-туыстарымен Майқайыңдағы үйінде кездестім, бұған дейін мен марқұмның жаназасына қатысқанмын. Менің бүгінгі келуімнің мақсаты - қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына оларды ешкім жалғыз қалдырмайтынын жеткізу. Әрине, ешқандай қолдау сөздері мен төлемдер жақындарыңызды қайтармайды, бірақ біз аумағында қайғылы жағдай орын алған "Майқайың-алтын" АҚ-нан, мемлекеттен және жұмыс берушіден жан-жақты көмек алу үшін қажеттінің бәрін жасап жатырмыз. Екібастұзда бұл туралы құтқарушы Олег Тышкевичтің де қызымен сөйлестік. Өңір басшылығы жұмыс беруші мен "Майқайың-алтын" АҚ-ның Яна мен оның ағасы алдындағы барлық міндеттеменің орындалуын қадағалайды", - деді ол.
Әкім сонымен бірге қаза болғандардың отбасына кәмелетке толмаған балалардың болуы мен олардың жасына байланысты кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 5-10 жыл үшін орташа айлық жалақы мөлшерінде сақтандыру өтемақысы берілетінін айтты.
"Майқайың-алтын" АҚ бұған дейін бөлген қаражатын бірнеше есеге арттырады, ал, жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасыларының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді өз мойнына алады. Осындай көмектер іздестіру жүргізіліп жатқан екі құтқарушының денелері табылған немесе оларды қайтыс болды деп таныған жағдайда олардың отбасыларына да көрсетіледі. Қаржылай көмектің көлемі туралы ақпарат жұртшылыққа барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін хабарланатын болады", - деді өңір әкімі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан