1 наурызға қараған түнінен бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты Павлодар облысында жолдар жабылды. Сапарға шығуға шектеу қойылғаны жөнінде SMS-хабарлама таңертең де келіп жатты. Әйтсе де, ескертуге қарамастан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 1 наурызда Екібастұз қаласына жол тартқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осылайша шенеунік, өзінің ғана емес қызметкерлері мен бір топ БАҚ өкілдерінің де өміріне қауіп төндірген. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы Алғыс айту күніне орай Екібастұз қаласында өтетін іс-шараға қатысу үшін аттанған. Салтанатты жиын аясында қыста Екібастұз қаласында болған төтенше жағдайдың салдарын жоюға қатысқан азаматтарды (жұмысшылар, дәнекерлеушілер, сантехниктер және т,б) марапаттауға шыққан.
Облыс әкімінің ресми өкілі бұл дерекке қатысты түсінік берді.
"Біз полицияның соңында қауіпсіз қашықта бір қатармен жүрдік. Бұл ереже бұзушылық емес. Мұндай жағдайда мен лауазымдық міндеттерімді орындау үшін, облыстың мемлекеттік органдары мен басқа да қызметтердің күштері мен қажетті құралдарын тарттым. Журналистер сапардан бас тартуға мүмкіндік алды. Ешкім олардың баруын талап еткен жоқ. Бірақ, олар өздерінің қызметтік міндеттерін атқарды", - дейді облыс әкімінің өкілі.
Айта кетейік, ауа райының қолайсыз жағдайы кезінде ескертуді елемей жолға шыққандарға ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 667-бабы бойынша жауапқа тарту қарастырылған. Бұл жерде азаматтарға 30 АЕК (103 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамауға алынады.
Құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 50 АЕК-ке дейін артып, 15-тен 20 тәулікке дейін қамау шарасы қарастырылған.
Еске салайық, тек мүгедектерге бұл жазаны қолдану көрсетілмеген.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!