«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» аясында биыл жыл басында Павлодар облысына 12 миллиард теңге бөлінді. Жыл қорытындысы шығар уақытта облыс әкімі Болат Бақауов осы қаржының қалай, қайда жұмсалғаны жайлы толық есеп берді.
Павлодар облысында қазіргі уақытта сыйымдылығы 720 бас болатын екі бірдей сүтті-тауарлы ферманың құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, тағы үш сүтті-тауарлы ферманың құрылысы басталып кеткен.
«Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға биыл 12 млрд астам теңге бөлінді. Мемлекеттің қолдауының арқасында инвестициялар көлемі 1,6 есе артты. Өңірде 35 аграрлық жоба жүзеге асырылды. Егер, ірі жобалар туралы айтар болсақ, «Group KSM» ЖШС сыйымдылығы 37 мың тоннаны құрайтын элеватор, «Гринланд» ЖШС күнбағыс майын өндіретін зауыт құрылысы жүріп, ал, «Андас» шаруа қожалығы 20 мың тонналық көкөніс қоймасын салып жатыр. Сонымен бірге, облыста 11 мың бас малға арналған үш бордақылау алаңы салынуда», – деді өңір басшысы.
Павлодар облысында биыл 4 мың гектар суармалы алқап жұмысын бастады. Науқан кезінде егіліп, бүгінде толықтай қамбаға жиналған дәнді дақылдардың көлемі 900 мың тоннадан асыпты.
«Астықтың орташа шығымдылығы гектарына 12,4 центнерді құрайды. Картоптың жалпы өнімі 7%-ға артты. Павлодарлық картоп еліміздің оңтүстік өңірлері мен жақын шетелге экспортқа шығарылады. Ішкі тұтыну 100 мың тоннаны құраса, біз 517 мың тонна картоп өндіреміз», – деді Болат Бақауов.
2019 жыл павлодарлықтар үшін қуанышты жаңалықпен басталғалы тұр. Себебі, бұл жылы Павлодар қаласының территориясы кеңейетін болады. «Достық» деп аталатын жаңа ауданның құрылысы жыл басталысымен басталғалы тұр. Облыс әкімінің хабарлауынша, осы ауданды тұрғызатын құрылысшылардың да жалақысы жоғары болмақ. Баяндамадағы жақсы жаңалықтың бірі мынадай: 2018 жылы Павлодар облысының жалпы өңірлік өнімінің көлемі 4,2%-ға, ал экспорттық тауар айналымы екі есеге артқан.