Павлодар облысындағы мектепте оқушылар смартфоннан тегіс бас тартты

Павлодар облысындағы З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде смартфон пайдаланбау туралы шешім шығарды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Білім ордасының басшысы Абылайхан Шомоковтың айтуынша, мектеп әкімшілігі ата-аналар мен оқушыларға осындай ой тастап, тараптар жағынан бірден қолдау тапқан. 

Мектептегі білім мен тәрбие беру процесінде телефонның оқушыға зияны, физикалық және әлеуметтік дамуына кері әсері туралы оқушыларға жете түсіндірілген. Енді олар үзіліс уақытында смартфонға үңіліп отырудың орнына асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат сияқты ойындар ойнап, бір-бірімен араласады. 

"Бұл бастама өз нәтижесін беріп жатыр. Осыған дейін оқушылардың үзілісте смартфонды көп пайдалануын жиі байқайтынмын. Қазіргі уақытта мектептің атмосферасы, оқушылар арасындағы қарым-қатынас жасау мәдениеті жаңа бір деңгейге көтерілгені көрініп тұр", – дейді Абылайхан Шомоков.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!