- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодар облысындағы қатты...
Павлодар облысындағы қатты дауылдан соң басқарма басшысы қызметінен босатылды
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов сенбіден жексенбіге қараған түні болған дауыл салдарын жою бойынша жиналыс өткізді. Жиналыс барысында өңір басшысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановты өзіне сеніп тапсырылған саладағы жұмысты әлсіз ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңір басшысы қалалар, аудандар әкімдеріне және бірқатар жауапты облыстық ведомстволарға қатаң талаптар қойды.
"Үшінші күн 18 ауылдың тұрғындары электр қуатынсыз отыр. Бұл дегеніміз, үш күн бойы оларда жарық жоқ, байланыс жұмыс істемейді, ал, кейбірінде су жоқ. Көптеген ауыл тұрғындары ұзақ жанатын пештерді және ұңғымаларға арналған сорғыларды пайдаланады. Электр қуатынсыз олар жұмыс істемейді. Қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды және басқа да ұйымдарды тартуды тапсырамын. Егер қолдарыңыздан келмей жатса, бізден көмек сұрау керек", - деді облыс әкімі "Павлодарэнерго" АҚ басшылығына.
Зардап шеккен қалалар мен аудандардың әкімдіктері төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың отырыстарын өткізіп, табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы ТЖ жариялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта келтірілген залалға бағалау жүргізіліп, нысандарды қалпына келтіру үшін мердігер ұйымдар тартылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы