Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың қазан айында сапармен Павлодарға келген болатын. Ол аймақ тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін жобаларды қаржыландыруды тапсырды. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Павлодар облысындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодардағы сапарында Ертіс өзенінің маңыздылығына тоқталды:
Павлодардан Ертіс ағады. Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артқан. Енді тағы 2 есеге ұлғайту қажет.
Ертіс өзенін айтқан соң ол ауыз су мәселесіне тоқталды:
Әкімдік келесі жылы құны 14 миллиард теңге болатын тағы 39 жобаны қолға алуды ұсынып отыр. Осыған орай, Үкіметке қаржы бөлуді тапсырамын. Жалпы, еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуы тиіс.
Осы ретте айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бері ауыз сумен Павлодар облысының 95 пайыз қалалық және 94 пайыз ауылдық елді мекендері қамтамасыз етілді. Соның ішінде орталықтандырылған су жүйесі 194 ауылға жүргізілді. Сонымен қатар 95 ауылдық елді мекенде су тазартатын кешенді блок-модульдер орналастырылды. Осылайша, өңірдегі 352 ауылдың 289-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қосымша 63 ауылға осы секілді қондырғылар орнату көзделіп отыр. Оның ішінде 34 елді мекенге орталықтандырылған су жүйелерін жүргізу және 29 ауылға кешенді блок-модульдер орналастыру жоспарланған. Жалпылай келсек, 2025 жылға дейін облыстағы елді мекендерді 100 пайыз таза сумен қамту көзделген.
Биыл өңірдегі 32 сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына республикалық бюджет қаржысы есебінен 14,4 млрд теңге бөлінді. Ал 2023 жылғы жаңа бюджетте осы бағыттағы 28 жобаға 12,2 млрд теңге бөлінбек.
Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей тұр. Көпірдің апатты жағдайда тұрғанына біраз болды. Одан жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Сондықтан облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір керек. Президент облыс орталығын жалғайтын Ертіс өзеніндегі жаңа көпір құрылысы жобасын бастауды тапсырған болатын. Жаңадан салынатын көпір құрылысы жобасы төрт жолақты құрайды. Ұзындығы – 2,7 шақырым. Жобаның жалпы құны – 40,3 млрд теңгеге жуық. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталмақ.