Павлодар облысындағы балабақшада балалар үш ай жарықсыз отырған

Павлодар облысындағы балабақшада балалар үш ай жарықсыз отырған
Фото: Коллаж: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов, depositphotos.com

Павлодар облысы Ақтоғай ауданына қарасты Харьковка ауылындағы шағын орталықтың балалары жарық көрмегелі үш айдың жүзі болды. Он үш балақай тәрбиеленетін орталықта қыркүйектен бері электр қуаты жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір Павлодар облысында түстен кейін, сағат 15:45-те күн батады. Қараңғы түскеннен кейін тәрбиешілер телефон жарығын қосып, жұмыс уақытын аяқтайды. Шағын орталық елді мекендегі мектептің бір бөлігінде орналасқан. Дәл осы бөбекжайлар жағында жарық жоқ. Ал екінші бөлігінде бар.

Одан бөлек шағын орталықтың асханасы да жұмыс істемейді. Кейбір балақайлар ас-суын үйлерінен алып келеді, ал балабақшада тек тоқаш пен бәліш беріледі.

"Мектептің шағын орталығы орналасқан жағында жазда шатыр жөнделген. Жаңбыр жауып, содан электр желісі тұйықталды. Салдарынан қыркүйектен бері жарық болмай қалды. Содан бері конкурс өткізіп, енді керек жабдықтарын алдық. Қазір жөндеп жатыр. Ал асхананың жұмыс істемеуі аспаз маман болмауынан. Дегенмен мердігер күнделікті аудан орталығынан бәліш, алма, шырынды жеткізіп беріп тұрады", - дейді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова.

"Үш айдан бері мемлекеттік сатып алу рәсімі жүріп жатқан кезде уақытша электр құрылғысын неге қолданбадыңыздар?" деген сауалға шенеунік мардымды жауап бере алмады.

Айта кетейік, Харьковка ауылы 2019 жылға дейін жеке округ болған. Қазір ауданы орталығы Ақтоғайға қарайды. Халқының саны - шамамен 329 адам.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда бала кәріз құдығына құлап, қаза тапқан оқиғаға қатысты балабақша директоры мен тәрбиешісі сотталды. 

Е.Базарқұл

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова