Павлодар облысында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағының қаза тапқан ұшқышы қайғылы оқиға болған күні 29 жасқа толған. Ер адамның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Авиациялық жұмыстарды орындаған компания өкілдері мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маса мен шіркейге қарсы авиация-химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізген Ан-2 ұшағы 27 мамырда Павлодар облысы Железин ауданындағы Ертіс жайылмасына құлады. Бортта екі ұшқыш болған. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды, екіншісін құтқарушылар қираған ұшақтан шығарып, дәрігерлерге тапсырды.
Көлік министрлігі мәліметінше, ұшақты "Жеңіл және аса жеңіл авиация пайдаланушылары" заңды тұлғалар бірлестігі пайдаланған. Алдын ала болжам бойынша әуе кемесі авиация-химиялық жұмыстарды атқару кезінде электр желісіне ілінген.
Әуе апатын Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғаларды зерттеу департаментінің мамандары тергеп жатыр.
Қаза тапқан ұшқыш - Шымкент қаласының тумасы. Ол әуе апаты болған күні 29 жасқа толған. Ер адам Павлодар облысында авиациялық жұмыстарды атқарған компанияда екі жыл қызмет еткен.
"Cүйекті туған жеріне тасымалдау бойынша барлық шығынды өз мойнымызға алдық. Алдымен Астанаға, одан кейін туған-туыстары, жұбайы мен екі кішкентай баласы тұратын Шымкентке жеткіздік. Сондай-ақ, жерлеу рәсімін өткізуге көмектестік. Барлық шығын - шамамен бір миллион теңге", - деді "Авиасевер" ЖК өкілдері Tengrinews.kz-ке.
Қазір марқұмның отбасына қосымша көмек көрсету мәселесі шешіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!