- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодар облысындағы 7...
Павлодар облысындағы 7 жасар қыздың өлімі: әкімдік қайғылы оқиғадан сабақ алған
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірде 7 жасар оқушы Милана Давыдованың өлімінен облыс әкімдігі тиісті қорытынды шығарып, сабақ алғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңір басшысының пікірінше, бұл оқиғада бәрі кінәлі.
"Өкінішке қарай, мұнда бәрінің кінәсі бар. Яғни учаскелік полицей, ауыл әкімі мен әлеуметтік қорғау қызметі, көршілер де бұл проблеманы байқамаған. Мұндай мәселе барын ешкім айтпады. Шынымды айтсам, мен осы ауылдан 30 шақырым жерде дүниеге келдім. Жалпы ауылда қандай да заңсыз бір әрекеттер болса, ол тез тарайды. Бірақ бұл туралы ешкім хабарламады. Қазір полиция істі тергеп жатыр. Менің ойымша, бұл жағдай бәрімізге сабақ болды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтеміз", - деді облыс әкімі ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Асайын Байханов бұл қайғылы жағдайды бақылауға алғанын, облыс әкімдігі тиісті сабақ алғанын атап өтті.
"Жалпы жоғалған баланы 400-ге жуық адам іздеді. Біз 7 жасар қызды іздеуге тікұшақ пен квадрокоптерлер жұмылдырдық. Алайда қатты желден оны іздеу қиынға соқты... Мұндай жағдайдың болу себебі - жергілікті әкімдіктің ананың әдепсіз әрекетіне мән бермей, бұл деректі кеш хабарлауында. Қайғылы оқиға болған ауыл Екібастұздан 65 шақырым жерде орналасқан. Онда тек 7 үй бар. Бұл оқиға маған да қатты ауыр тиді. Дегенмен біз тиісті қорытынды шығардық. Екібастұзда жиын өткізіп, тиісті шешімді қабылдадық", - деді ол.
Еске салайық, 18 қарашада Павлодар облысы 17 қарашада Қоянды ауылдық округі Бесқауға ауылында Милана Давыдова атты оқушы жоғалып кеткен еді. Оны өлтірді деген күдікке туған анасы ілінді.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!