Қазақстанның Павлодар облысы мен Ресейдің Омбы облыстары арасындағы шекарада ұшақ тиеп алған МАЗ жүк көлігі ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) қызметкерлері ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп қос мақсаттағы тауарды АН - 2Т әуе кемесін тасымалдау фактісін анықтады.
"Амангелді" автомобиль өткізу пунктінде (Ресей Федерациясының Омбы облысымен шекарасы) "МАЗ 54323" маркалы көлік құралын тексеру барысында бағалау құны - 1 800 000 ресей рубль, салмағы 3 тонна 600 кг болатын АН-2Т ұшағын тасымалдау фактісі анықталды. Ұшақты азамат М. аукционда жеке мақсаттар үшін сатып алды. Шекарадан өту кезінде азамат М-да өзіндік ерекшелігі бар тауарларды сәйкестендіру туралы қорытынды болған жоқ (өзіндік ерекшелігі бар тауар азаматтық мақсаттарда да, әскери мақсаттарда да қолдануға жатқызылуы мүмкін)", - дейді экспорттық бақылау бөлімінің басшысы Мақсұт Қантарбаев.
Ұшақты қажетті рұқсат құжаттарсыз тасымалдаған азаматқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылықты жасау материалдары сотқа жіберілді.
"Павлодар облысы Ертіс аудандық сотының қаулысымен М. атты азамат кінәлі деп танылып, 55 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды", - делінген хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!