Павлодар облысында үш күн бұрын жоғалған әйел өлі табылды

Павлодар облысындағы "Тұрсын" шаруа қожалығының маңында 16 сәуірде хабар-ошарсыз кеткен әйел өлі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгін, 19 сәуірде Екібастұздың 34 жастағы тұрғынының мәйіті қардан табылды, мәйітте зорлық-зомбылық белгілері жоқ.

"Жергілікті жерде полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталады. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 2023 жылғы 16 сәуірде Бесқауға ауылының тұрғындары ВАЗ-2104 автокөлігімен жоғалып кеткен ірі қара малды іздеуге шыққан. Сағат 19:00 шамасында жұбайы көлікке оралып, әйелін күткен. Ер адам әйелі оралмаған соң полицияға жүгінді.

Полиция жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін үш техника жұмылдырылған. Төрт іздеу тобы, оның ішінде Екібастұз полиция басқармасының жеке құрамы, ТЖМ қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар бар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!