Павлодар облысында жекеменшік тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан екі бала қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға Ертіс ауылында болған. Өңірлік ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, өрт туралы хабар 15 қаңтарда сағат 8:33-те түскен, ал үш минуттан кейін өртсөндірушілер оқиға орнына жеткен.
Жекеменшік тұрғын үй толық өртке оранған. Үйдегі жиһаз, тұрмыстық заттар, шатыр жанған.
Өрт шыққан сәтте үйде төрт бала болған, олардың бірі өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін өздігінен сыртқа шығып үлгерген. Қалған үшеуін өртсөндірушілер жанып жатқан үйден алып шыққан.
"Алайда кейінірек зардап шеккен екі бала ауруханада көз жұмды", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.
Өрттің аумағы 50 шаршы метрді қамтыған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова