Павлодар облысында қарақұрттардың көбеюіне байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстың ТЖД сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 5 тамызда Баянауыл ұлттық табиғи паркінің қарақұрттардың көбеюі туралы ақпараты бойынша Баянауыл ауданының әкімі Павлодар облысының табиғи паркі және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп қарақұрттардың мекендейтін жерлерін зерттеу үшін Торайғыр ауылына барған.
"Зерттеу барысында Торайғыр көлінің бойындағы шөптер мен өсімдіктердің арасынан қарақұрт өрмекшілері, дернәселі, тастардың астынан пілләсі табылды. Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысын өткізуге бастамашылық жасайды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін мамандар Баянауыл ұлттық табиғи паркіндегі Торайғыр көлінің жанынан 62 аналық пен 159 улы қарақұрт пілләсін жинаған болатын. Ұлттық парк қызметкерлері туристерге ескерту белгілерін қойды. Демалушыларға белгілерге назар аударуға кеңес беріледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!