Павлодар облысында жолаушылар мінген такси жол қоршауына соғылды. Жол апатынан үш адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Жолаушылардың бірі ауыр жарақат алып, аяғынан айырылған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға орнынан тараған видеода кроссовердің қатты зақымданғаны көрінеді. Темір қоршау көліктің алдыңғы жолаушы отырған жағынан салонға кіріп кеткен.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат 29 мамыр күні кешке Астана – Павлодар тасжолында болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Hyundai Tucson жүргізушісі қисық сызықты брус түріндегі кедергіге соғылған", – деп хабарлады полиция.
Ведомство дерегінше, жол апатынан үш адам зардап шегіп, барлығы ауруханаға жеткізілген. Қазір осы дерек бойынша тергеу жүріп жатыр. Көлік арнайы тұраққа қойылды.
Белгілі болғандай, ең ауыр жарақат алған жолаушы – Астанадан Павлодарға ата-анасына бара жатқан 21 жастағы студент. Оның достарының айтуынша, апат болған Төртқұдық ауылы маңындағы тасжолда жөндеу жұмыстары жүріп жатқан.
"Ол жерде белгілер қойылып, біржақты қозғалыс енгізілген. Бірақ жүргізуші қатты жылдамдықпен келіп, қоршауға соғылған. Досымыз оқиға орнында оң аяғынан айырылып, көп қан жоғалтты. Жедел жәрдем көлігінде жүрегі тоқтап қалған, бірақ дәрігерлер оны аман алып қалды. Ауруханада оның екінші аяғын да ампутациялады. Қазір ол комада, жансақтау бөлімінде жатыр", – дейді зардап шегушінің достары.
Олардың айтуынша, жігіт сапарға "Яндекс Такси" сервисі арқылы тапсырыс берген. Кроссоверді 22 жастағы жүргізуші басқарған.
Зардап шеккен азаматтың жақындары оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелетініне үміт артады. Олар апат куәгерлерін іздеп жатыр. Сондай-ақ жол апаты сәті бейнетіркегішке түсіп қалуы мүмкін жүргізушілерден хабарласуды сұрайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек