- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодар облысында су...
Павлодар облысында су қоймасы салынуы мүмкін
Павлодар облысында су қоймасын салу жобасы қарастырылып жатыр. Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байханов су ресурстарын қорғау жөніндегі экологиялық кеңесте айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Старегиялық маңызды нысан өңірдегі су тапшылығын жояды деген сенім бар. Естеріңізде болса, биыл Ертіс өзеніне Шығыстағы су қоймаларынан бекітілген кестеден аз көлемде су босатылған еді. Содан болып өзен бойындағы шабындықтар мен жайылымдар тіршілік нәрінен қағылды. Керекуден сайланған Мәжіліс депутаттары экология және табиғи ресурстар министріне дейін хат жолдағанымен нәтиже болмады. Жуырда Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа да депутаттық сауал жолдап бұндай жағдай енді қайталанбасын деді. Су тапшылығынан болып күзде аймақтағы Ертісті жағалай қонған шаруашылықтар жем-шөп әзірлей алмай қалу қаупі туындап тұр. Су жайылмаған соң балықтардың да уылдырық шашуына кедергі болды. Сол себепті, өзгеге тәуелді болмау үшін өзімізде су қоймасын салғанымыз абзал дейді, өңір басшысы.
"Павлодар облысы аумағында су қоймасын салу ойыма келді. Біріншіден, гидрогеологтармен бірлесіп орналасатын орнын белгілеуіміз керек. Осыдан кейін ғана біз Үкіметке ұсыныспен шыға аламыз. Облыстың дамуы үшін өзіміздің су қорымыз болғаны артық етпейді. Бұл ауыз сумен қамтамасыз етудің де кепілі болады", - дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Егер, Үкіметтен мақұлданатын болса алдағы үш-төрт жылда жүзеге асып қалуы бек мүмкін.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы