Павлодар облысында студенттер мен кәсіпорын қызметкерлерінен ақша бопсалаған күдікті топ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлері бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Ақсу және Екібастұз қалалары аумағында бірнеше рет бопсалау қылмысын жасады деген күдікке ілінген адамдар анықталған.
Алдын ала мәліметке сәйкес күдіктілер азаматтарды қорқытып-үркіту арқылы жүйелі түрде ақша талап еткен. Зардап шеккендер қатарында жоғары оқу орындарының студенттері мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері бар.
Жүргізілген тінту барысында ақша, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар, өзге де заттар тәркіленді. Сонымен қатар, күдіктілер пайдаланған көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
"Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық істер тіркелді. Полицияға 10 адам жеткізіліп, олардың төртеуіне қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды", - деді Павлодар облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Диас Қадыров.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова