Павлодар облысының Железин ауданында ірі қара малдың жаппай қырылу дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Башмачный ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде 37 сиыр уланып қалды. Қазір мән-жайды арнайы комиссия анықтап жатыр. Малдың нақты неден қырылғаны зертханалық тексерістен кейін белгілі болады.
Төрт түліктен сынама алынып, мамандарға тапсырылған. Сонымен қатар жайылымдық жердегі шөп, топырақ пен судың сынамалары алынды. Әзірше ірі қара "өрістен уланған" деген болжам бар. Себебі жақын маңда зиянкес жәндіктерге қарсы химиялық заттармен өңделген картоп алқаптары орналасқан. Егер малдың қауіпті дерттен қырылғаны дәлелденсе, иесіне заң бойынша өтемақы төленуге тиіс.
"Мал қырылған жайылым маңында картоп алқаптары бар. Бұл жердегі көкөністер пестицидтермен өңделген. Бұл зат малға аса зиян. Екіншіден, сиырлар "фитоулардан" улануы мүмкін. Жаңбырдан соң улы өсімдіктер шығады. Осындай 2 болжамымыз бар", - деді Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!