Павлодар облысында пробациядан қашқан тұрғын 2,5 жылға колонияға қамалды
Павлодар облысында пробациядан қашқан тұрғын 2,5 жылға колонияға қамалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам Аққулы ауданы пробация бақылау қызметінен қашып кеткен. 2023 жылғы қыркүйекте 48 жастағы тұрғынның бас бостандығы екі жыл, алты айға шектелген. Сотта ер адам Аққулы ауылында тұратынын айтып, соттан бас бостандығынан айырмауды өтінген.
"Ауыл тұрғыны өзіне қатысты үкім енгізілгеннен кейін пробация мекемесіне келмеді, есепке тұрмады. Осыдан кейін бастапқы іздеу шаралары басталды, алайда іздеу жұмыстары нәтижесіз болды. Сотқа ер адамды іздеу туралы хабарландыру жіберілді", - деп хабарлады Аққулы ауданы пробация қызметінің бастығы Дастан Қилыбаев.
Ведомствоның хабарлауынша, 2023 жылғы желтоқсанда сот іздестіру айыптауын жариялау туралы қаулы шығарған. Ал қаңтар айының соңында полиция департаменті жедел-криминалистикалық бөлімше қызметкерлері ер адамды ұстап, тергеу изоляторына орналастырған.
Сот шешімімен ер адам екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді. Сотталған адам орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге жіберіледі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан