Павлодар облысында суға батып бара жатқан ауыл тұрғынын полиция қызметкері құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Аққулы ауданының полицейлеріне Жамбыл ауылында бір топ адамның ішімдік ішіп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Ауыл тұрғыны полиция қызметкерлерін жіберуді сұрады. Шақыруға ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен, әкімшілік практика инспекторы Әділ Збасаров және жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Ришат Адамбаев барды. Шақыру орнына келгеннен кейін осы мекен жайда екі кәмелетке толмаған баласы бар азамат тұратыны анықталды.
Келген сәтте балалар анасының Ертіске қарай кеткенін түсіндірді. Автопатруль Ертіске қарай бет алып, суға батып бара жатқан әйелді байқады.
"Мен оның суға батып бара жатқанын көргенде ойлануға уақыт болмады, суға тұра жүгірдім. Жүгіріп бара жатып, асығыс үстімдегі ауыр киімдерді шешіп тастадым. Жақындағанымда ол су астына түсіп бара жатты. Шынымды айтсам тіпті қорқуға да уақыт болмады, тұншығып қалмаса екен деп ойладым. Мен оны ұстап алып, судан шығардым",- дейді Елдос Қойкен.
Әйел мас күйде болған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, содан кейін ол дәрігерлерге жіберілді. Қазір үйінде, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Әйелмен әңгіме жүргізілді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!