Павлодар облысында орманға баруға тыйым салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Ертіс орманы қорығы Абай ауданына жақын орналасқан. Қазір облыста өрт қауіптілігінің бесінші, аса жоғары класы қалыптасқан. Орман алқаптарында адамдарға және техниканың жүруіне толық тыйым салынды.
Облыстық аумақтық инспекцияның мәліметінше, облыста 40-тан аса орман өрті тіркелген. Сарапшылар 2022 жылы олардың саны екі есеге аз болды дейді. Мемлекетке келтірілген шығын 33 миллион теңгеден асты.
Мамандардың айтуынша, орман шаруашылығында техника жеткіліксіз. Оның көпшілігінің материалдық-техникалық базасының жабдықталуы 60 пайыздан әрең асып отыр.
"Жалпы, өрт қаупі бар маусымда қорықта мыңға дейін адам бар. Орманды өрттен қорғаумен тікелей байланысты 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, орман мекемелеріндегі 300-ге жуық адам орманды қорғайды", - деді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорған аумағындағы орман-тоғайларға демалуға немесе басқа мақсатпен кіруге болмайтыны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!