Павлодар облысында оқушы “тапаншамен“ сыныптасын жарақаттады

Павлодар облысында оқушы “тапаншамен“ сыныптасын жарақаттады
Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында оқушы "тапаншамен" сыныптасын жарақаттады. 13 жасар бала ауруханаға жатқызылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

1 қазанда Железин ауданындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысы ойыншық тапаншаны сөмкесінен шығарып, сыныптастарына көрсетіп жатқан кезде байқаусызда ойыншық оқты 6-сынып оқушысының көз аймағына тигізген.

Үзіліс уақытында болған оқиға туралы облыстық білім беру басқармасы мәлім етті. 

"Аталған факті бойынша дереу қызметтік тергеу ашылды. Нәтижесінде, оқушылар және ата-аналармен әңгіме жүргізілді. Балаларыңызды мектепке жібермес бұрын сөмкесіндегі қалталарда тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеруді сұраймыз!" – деп хабарлады басқарма.

Зардап шеккен оқушы алдымен аудандық ауруханаға, кейіннен облыстық ауруханаға жеткізілді. 13 жасар баланы травматология бөлімшесінің кезекші офтальмолог дәрігері қарап шықты. 

"Көз алмасының көгеруі диагнозы қойылды, жағдайы тұрақты", – деп хабарлады облыстық балалар ауруханасы. 

Оқушының тұрғылықты жері алыс екенін ескере отырып, динамикалық бақылау үшін офтальмологиялық бөлімшесіне жатқызылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лес
Logotype Massaget