- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодар облысында оқушы...
Павлодар облысында оқушы мектепке пышақ пен балға әкелген: сот шешімі
Павлодар облысында мектепке пышақ пен балға әкелген оқушыға қатысты сот шешімі шықты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
30 қыркүйекте Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіруге оқталу фактісі бойынша кәмелетке толмаған Ж.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 24-б. 3-б. – 99-б. 2-б. 14-т.).
Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды, сондықтан қылмыстың мән-жайын ашу мүмкін емес.
Іс бойынша амбулаторлық және стационарлық сот-психиатриялық сараптамаларын өткізу арқылы Ж.-ның есі дұрыс емес жағдайда қылмыс жасағаны анықталды.
Прокурор мен жәбірленушілер Ж.-ға психикалық ауруының болуына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды сұрады.
ҚК 16-бабының талаптарына сәйкес, қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа жатпайды. Мұндай адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
Ж.-ның психикалық ауруының болуына байланысты өз іс-әрекетінің іс жүзіндегі сипаты мен қоғамға қауіптілігін ұғына алмағандықтан және оларға ие бола алмағандықтан сот Ж.-ға жалпы психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы шараларды тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина