Павлодар облысында кеніште қаза тапқан адамдардың есімі белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылары құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич. Тағы екі адам іздестіріліп жатыр.
"Құтқару жұмыстары түнде басталып, қазіргі уақытқа дейін жалғасып жатыр. Жұмыстар қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі, алайда топырақтың үйіліп құлау қаупімен қиындай түсті", - деп хабарлады Асайын Байханов өзінің жеке парақшасында.
Оның сөзінше, басқа зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептерін ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағалығымен арнайы құрылған комиссия анықтайды.
Облыс әкімі Асайын Байханов басқаратын жедел штабқа аймақ басшысының бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Олег Трещев, полиция департаменті бастығының орынбасары, облыстық еңбек басқармасының басшысы, Баянауыл ауданының әкімі және басқа да жауапты тұлғалар кірді.
Еске салайық, 2024 жылғы 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында "Майқайыңзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!