Павлодар облысындағы дауыл салдарынан аймақтың бір бөлігі электр қуатынсыз қалды. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында ағаштар, бағдаршамдар, автобус аялдамалары құлап, шатырлар бұзылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта шатырдың бұзылуы бойынша барлығы 42 оқиға тіркелген.
"100 елді мекенде электр қуаты үзілсе, қазір 60-ында қалпына келтірілді. 40 елді мекен жарықсыз қалды. Азаматтық қорғау қызметінің күштері мен құралдарын пайдалана отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда", - делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға мүмкіндігінше ауа райы жақсарғанша жолға шықпау керегін ескертті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!