Павлодар облысында қараусыз қалған балалар ауруханаға жатқызылды

Павлодар облысында қараусыз қалған балалар ауруханаға жатқызылды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Павлодар облысында қараусыз қалған балалар ауруханаға жатқызылды. Қазір балалар қауіпсіз жерде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны тәртіп сақшысынан көмек сұраған. Оған туысының ішімдік ішіп, кішкентай балалары қараусыз қалуы себеп болған.

Тексеріс кезінде балалар үйде жалғыз қалған, есік жабулы болған. Бұл ақпарат дереу қорғаншылық органдарына хабарланған. Келген комиссия балаларды алып, дереу қалалық ауруханаға жатқызған. Балалардың анасы іздестіріле бастаған, оны тек кешке танысынан тапқан. 

"Сол күні ол ішімдік ішіп, балаларын үйде жалғыз қалдырып, қонаққа кеткені анықталды", - деді Ақсу қаласының полиция инспекторы Назгүл Баядилова. 

Әйел адамның мәселесі Ақсу қаласының кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Оның шешімі бойынша балалардың анасы ата-ана құқығынан алты ай мерзімге шектелді. Бұл мерзімде балалар мемлекеттік мекемеде болады. 

Осы уақыт ішінде ата-анасы түзету жолына түсіп, алкогольді және басқа да тыйым салынған құралдарды қолданудан бас тартуы, үйде балалардың өмір сүруіне барлық жағдайды жасауы керек.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова