- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодар облысында қарақұрт...
Павлодар облысында қарақұрт әлі де көп
Павлодар облысында қарақұрт азаймай тұр. Бұған дейін Баянауыл ауданында улы зиянкестің күрт көбеюіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, залалсыздандыру шарасы жасалған. Улы жәндікті жою жүргізілгенімен, Торайғыр демалыс аймағында қарақұрт әлі де көп, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Баянауылда қарақұрттың пайда болғаны туралы ақпарат былтыр жаздан бастап тараған. Алайда жағдай биыл ғана ушыққан. Улы жәндікті теріп шығуға қауқары жетпеген ұлттық парк қызметкерлері жергілікті әкімдіктен көмек сұраған болатын. Қарақұрт басқан аумақта зерттеу жүргізіліп, табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізілген еді. Мердігер ұйым анықталғаннан кейін Торайғыр ауылында екі күндік залалсыздандыру жүргізілді.
"Тамызда шешім шығып, аудан қорынан 1,8 миллион бөлініп, 3-4 қыркүйек арасында тастарды аударыстырып, қарақұрттардың көзін жойдық. Жалпы 150 гектар көлемінде дәрі сеуіп шықтық", - деді Торайғыр ауыл округінің әкімі Мұқтар Молшин.
Торайғыр ауылында өңдеу жүргізілгенімен, қауіпті зиянкес толық жойылмаған. Мәселен, Торайғыр демалыс аймағындағы әрбір төртінші тастың астында улы буынаяқтының ұясын байқауға болады.
Ұлттық парк қызметкерлері қарақұрттың ошағына айналған Торайғыр көлі аумағында қауіпті өрмекшілерді қолмен жойып жатыр. Көл аумағында қойылған тақтайшаларда таулы өлкеде қауіпті жәндіктен сақ болу керек екені жазылған ақпарат бар. Әзірге улы өрмекшіден зардап шеккендер тіркелмеді. Дегенмен жүз гектар жерді жайлаған қауіпті зиянкес әлі де қаптап жүр.
Ұлттық парк аумағында улау құралын пайдалануға тыйым салынған. Сондықтан ғылыми қызметкерлер көл жағасының үш шақырымдай жерін басқан қарақұртты қолмен теріп жүр.
"Күніне 60-70 қарақұрт аналығы мен 180-ге жуық жұмыртқасын жойып жатырмыз. Қарақұрттың аналығы екіден астам жұмыртқа басады. Үш аптадан кейін одан 100 ден 600-ге дейін өрмекші шығады. Қазір қарақұрттың жұмыртқалары әлі шығып жатыр. Ғылым және мониторинг бөлімінің қызметкерлері қолмен жою жұмысын ары қарай жалғастыра береді", - деді "Баянауыл" мемлекеттік табиғи паркінің директоры Аждар Жүсіпов.
Ғалымдар қарақұрттың қаптауы алғаш 2007 жылы тіркелгенін айтады. Зиянкестердің көбеюіне жаз басындағы ыстық күн ауа райы себеп болуы мүмкін. Десе де келер жылы бұндай жағдай қайталанбас үшін көктемнен бастап залалсыздандыру жұмыстарын күшейтеміз дейді жергілікті әкімдік өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек