Павлодар облысында жүкті әйел жедел жәрдем көлігінде босанып қалды

Павлодар облысында жүкті әйел жедел жәрдем көлігінде босанып қалды. Анасы мен жаңа туған қыз тұрақты жағдайда ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, бригада босануды тікелей реанимобильде қабылдаған. 

18 қазаннан 19-ына қараған түні Аққулы ауданы Ямышево ауылынан 103 пультіне 31 жастағы жүкті әйелдің босанатын мерзімі жақындағаны туралы хабар түскен. Дәрігерлер №1 Павлодар ауруханасының қабылдау бөлімшесіне хабар түскеннен кейін 10 минутта белгіленген орынға жетті. 

"Шамамен 20 минуттан кейін науқас босана бастады. 103 бригадасы әйел адамды дәл жолда босандырып алуға мәжбүр болды. Салмағы үш келіден сәл асатын және бойы 53 сантиметр қыз дүниеге келді. Баланы орап, жылытып, жылу тізбегін сақтады. Сағат 00:15-те босанған әйел мен жаңа туған нәресте перзентхана мамандарына тапсырылды", - деп хабарлады станция.

Айта кетейік, Павлодар облысында жыл басынан бері 25 әйел ауруханаға жетпей босанған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз