Ер адам бірнеше бала ойнап жүрген жерге жақын жерде балық аулап отырған, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Басылым мәліметінше, оқиға 13 шілде Приреченск ауылында болған. Жергілікті тұрғын Салтанат Шаихова үш ұлына серуендеуге рұқсат береді. Бұл отбасында барлығы бес бала бар. Екі үлкен қызы, тоғыз жасар Тұрар және жеті жастағы егіздер - Аман мен Есен.
Приреченскіде жабдықталған жағажай жоқ, жағалау өте тік, сондықтан Салтанат балаларына суға жақындауға тыйым салады.
"Сол күні жұмыстан келе сала ұлдарыма ойнап келуге рұқсат бердім. Негізі, менің жұмыс кестем таңғы алтыдан кешкі үшке дейін. Менің балаларым тілалғыш, біздің рұқсатымызсыз ештеңе жасамайды. Әдетте бұл уақытта олар әткеншекке және кітапханаға барады. Ұлдарым өзеннің бойында жалғыз қалады деген ой болған жоқ. Негізі, балалар судан қорқады. Жарты сағаттан кейін күйеуім маған қоңырау шалып, ұлдардың ауруханада екенін айтты. Ол олардың өзенге батып кете жаздағанын, қалай құтқарылғаны туралы учаскелік инспектордан естіген", - деді әйел.
Кейін ұлдар анасына Ертістің жанында тұратын досына барғанын ол секіріп ойнауды ұсынғанын айтқан.
"Егіздер суға түспеген. Ал үлкен ұлым суға түскен екен. Су оның тізесінен келген. Ұлым суда тұрып секіре бастайды. Бір сәтте ол суға құлайды да оны ағын алып кетеді. Мұны көрген егіздер Тұрарға көмектесуге асығып, суға түседі", - деп еске алады Салтанат.
Балалар суға түскен жердің жанында "Ақтоғай-Агро" ЖШС 33 жастағы қызметкері Андрей Карандашов болады. Сол күні оның демалысы болғандықтан, түскі уақытта балық аулауға барған.
"Мен балалардың жақын жерде жүргенін көрдім. Қармақтарымды жинап жатып, балалардың суда жанталасып жатқанын көрдім де айқайладым. Бірақ олар үнсіз болды. Кенеттен біреуі төңкеріліп, түбіне кетті. Мен бұл қайғылы жағдай екенін бірден түсіндім. Киімдерімді шештім де бірдан суға сүңгідім. Біріншісін, екінші шығардым. Ал үшіншісіне көмекке барғанша ол судың астына бата бастады", - деп еске алады ер адам.
Андрей балаларды жағаға шығарып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
"Үшінші бала су көп жұтып қойды. Әрі қатты тұншығып кеткендіктен аман қалмайды-ау деп ойладым. Бірақ берілместен, оған соңына дейін жасанды дем беріп, жұтқан суын шығаруға тырыстым", - деп қосты әңгімелесуші.
Өңірлік ТЖ департаментінің ақпараты бойынша, шомылу маусымы басталғаннан бері Павлодар облысында бес адам суға кеткен.