Павлодар облысында ер адам төрт миллиард теңгеге жалған шот-фактураларын жасаған, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық экономикалық тергеу департаменті ауыл шаруашылығы саласында заңсыз шот-фактураларды жазып беру дерегін анықтады.
Павлодар облысының тұрғыны "Виолетта", "Мақсат" және "Диас" шаруа қожалықтарының реквизиттері мен мөрлерін пайдаланып, бидай жеткізу үшін жалған шот-фактуралар жасап, заңды тұлғаларға заңсыз берген. Бұл шаруашылықтарда егіс алаңдары, тауар сақтайтын қоймалар, көлік, арнайы техника болмаған.
"Жалпы алғанда, 2020-2022 жылдар аралығында Павлодар тұрғыны кәсіпкерлерге 840 миллион теңге салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, жалпы сомасы төрт миллиард теңгеден аса шот-фактураларды заңсыз жазып берген", - делінген ведомство хабарламасында.
Успен аудандық соты ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабы бесінші бөлігінде, 216-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!