Павлодар облысында екі отбасы аязда далада қалды
Павлодар облысының Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылында аязды күндері өрт болып, екі бірдей отбасы баспанасынан айырылды. Екі үйде әр қайсысында үш-үштен кәмелет жасына толмаған алты бала бар. Осылайша 11 жан қақаған қатты аязда далада қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
11 желтоқсанда Байғабылдар әулеті қиындыққа тап болды. Бақытбек Байғабылдың қолында қарт ата-анасы, әйелі және үш баласы бар. Жазда ғана жаңартқан үйі жалғыз күнде құр қабырғаға айналды.
Сондай-ақ, осы ауылда бүгін тағы өрт болып, кәмелетке толмаған үш баласы бар жалғызбасты ана Алена Виндель баспанасынан айырылды. Бір өкініштісі, тұрғындары сақылдаған аязда пана таппай дал болғанда не ауыл әкімі, не Ақсу әкімі келіп жағдайларын білмеген. Тіпті, орынбасарларын да жібермеген. Шенділер ауылға облыстық мәслихат депутаттары келген соң ғана хабарласа бастаған.
"Өкінішке қарай, екі бірдей отбасы қиын жағдайға тап болып отырса да, не ауыл әкімі, не Ақсу қаласы әкімінің орынбасары, не әкімнің өзі келмек түгілі, "жағдайларыңыз қалай?" деп сұрауға жарамағаны қынжылтады. Адам тағдырына соншалық бейжай қарағанымыз ба?!" - дейді Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Асылбек Туғанбай.
Қазір ауыл халқы WhatsApp желісінде ортақ чат ашып көмек жинап жатыр. Сондай-ақ, әлемуеттік желілерде қайырымдылық жинағы ашылған. Ал баспанасынан айырылған тұрғындар уақытша жақындарының үйіне жайғасты. Өңірде қатты қатты аяз осы аптаның аяғына дейін созылатынын синоптиктер ескертіп жатыр.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек