Павлодарда дәрігерлер үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен екі жасар баланы құтқарып қала алмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
11 маусымда Ақсу қаласында екі жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Сәби үйде анасымен бірге болған, ал анасы түскі асты қарау үшін ас үйге аз ғана уақытқа шыққан. Осы уақытта бала терезе алдына шығып, торға сүйенген кезде төмен қарай құлаған.
Ауыр жарақат алған бала алдымен Ақсу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне, кейін сол күні Павлодарға жеткізілген.
Өңірдің Полиция департаменті өкілі қайғылы оқиғаға пікір білдіріп, тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Нәтижесі бойынша шешім қабылданады", - деді Павлодар облысы Полиция департаменті өкілі.
Павлодар облыстық балалар ауруханасы мәліметінше, 2023 жылы туған бала ота кезінде қайтыс болған. Сәби өте ауыр жарақаттар алған.
Айта кетейік, кейінгі аптада Павлодар облысында 3-5-қабаттардың терезесінен бір мен үш жас аралығындағы үш бала құлап кеткен. Екі бала аман қалған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!