Павлодар облысында бес жүзден аса ұсақ мал тірідей жанып кетті

Павлодар облысында бес жүзден аса ұсақ мал тірідей жанып кетті
Фото: Автордан

Павлодар облысы Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Әлкей Марғұлан ауылында өрісте жүрген қой-ешкі тірідей жанып кетті. Алдын ала мәлімет бойынша найзағай түсіп, қырдағы шөп өртенген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тірідей үйтілген ұсақ малдың саны бес жүзден асады. Тағы жүзден аса шала күйген шалажансар қой-ешкіні ауыл тұрғындар амалсыздан бауыздап тастаған. Оқиға 13-шілдеде болған. Алайда өңірдің төтенше жағдайлар департаменті бұл жайлы ақпарат таратуға асықпады. Тек бүгін ауыл тұрғындары журналистерге жария еткеннен кейін ғана айтыла бастады. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар да шу шыққаннан кейін ғана барған.

"Ас суымызды айырып отырған малымыздан бір-ақ күнде айырылып қалдық. Екі күннен бері ешкім хабарласпады. Күзде шөп шабатын шаппамыз да өртенді. Енді қыстан малды қалай шығарамыз", деп зар еңірейді ауыл тұрғындары.

"Өрт 13-шілде күні басталып 14-і күні өшірілді. Қазір оқиға орнында комиссиямен бірге төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да жұмыс жасап жатыр", - дейді Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметінің маманы Евгения Мягченко.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы