Павлодар облысында белгісіз жыртқыш ауылдың малына шапты

Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты бірнеше елді мекенде белгісіз жыртқыштар қорадағы малға шапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Соңғы оншақты күнде бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Салдарынан халықтың қолындағы 200-ге жуық ұсақ малы қырылып қалды. Ақсу қаласына қарасты Айнакөл ауылында бір үйдің малына жыртқыштар айналасы бір апта ішінде екі рет шабуылдап, ондаған қой-ешкісін жарып кеткен. Ал, Үштерек ауылында үш шақырымдағы жайлауда өткен аптада 35 ұсақты талап өлтіріп кетсе, өткен түнде 50-ден аса қойды қозысымен бірге жайратып кеткен. Еңбек ауылында да жиырмадай ұсақ мал белгісіз жыртқыштар тісінен құрбан болды.


"Біз қазір өлген малдардан сараптама аламыз. Тағы боп кеткен ит немесе қасқыр жарып кеткенін білмейміз. Мінездемесіне қараса иттерге ұқсайды. Қасқыр болса ауылдағы қораға кіріп келмес еді", - дейді Ақсу қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Мират Тиканов.

 

Тұрғындар осы төңіректен топтасып жүрген жеті итті көргендерін айтады. Біреулер қасқыр деп куәлік беруде.


"Біз учаскелік полиция, аңшылар, ветеринарлық қызмет бәрімен бірлесіп төңіректі сүзіп шығамыз. Жыртқыштарды анықтасақ тиісті органдармен бірлесіп шешім қабылдаймыз" дейді Евгеньевка ауылдық округ әкімі Аршат Халықов.


Қарапайым халықтың қырылған малына өтеу болмайтын секілді. Ақсу қаласының әкімдігі шығын өтеп берудің тетігін таппай отыр. "Бұл, төтесінен келген апат емес сондықтан өтемақы қарастырылмаған" дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Байбәкіров.
Әзірге биліктегілер "қасқыр әлде ит пе" деп отырғанда, белгісіз жыртқыштардың қанша жұрттың малын жайпап кетері белгісіз.

Е. Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!