- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодар облысында балаларды...
Павлодар облысында балаларды құтқармақ болған екі ер адам суға батып кетті
23 маусымда Павлодар облысында балаларды құтқармақ болған екі ер адам суға батып кетті, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, құтқарушы сүңгуірлер ер адамдарды іздеуге сағат 19.00-де шығып, 39 минуттан кейін олардың денесін судан алып шыққан.
"23 маусымда сағат 15.52-де Павлодар облысы ТЖД "112" пультіне Баянауыл ауданы Торайғыр көліндегі жабдықталмаған жерде ер адамдар суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. 2008 жылғы қыз бен 2013 жылғы ер баланы құтқару кезінде Қарағанды облысында тұратын 1978 жылғы, 1986 жылғы екі ер адам суға батып кетті", - делінген Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Балалар оқиға орнынан жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайы қалыпты екені белгілі болды.
Павлодар облысы ТЖД 4 құтқарушысы, 1 техника және 1 жүзу құралы, "102", "103" қызметтері оқиға орнында жұмыс істеген.
Ж. Қадыржанова