Павлодар облысында ауыл әкімі теріс әрекеті үшін қатаң сөгіс алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар ауданы прокуратурасының мәліметінше, 9 мамыр – Жеңіс күнінде бір ауылдық округ әкімі тұрғынға азық-түлік салынған дорба мен 0,5 литрлі арақ берген.
Ер адам ішімдік ішіп, өз үйінің өртеніп кетуіне жол берген еді. Кейіннен тұрғынның жұбайы үйдің ішінде болып, өрттен қайтыс болғаны анықталды.
"Әкім жасаған іс-әрекет жалпы қабылданған моральдік нормаларға қайшы келеді. Мемлекеттік қызметшілер қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуға тиіс", - деп хабарлады Павлодар аудандық прокуратурасы.
Прокурорлық акті бойынша ауылдық округ әкімі қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!