Павлодар облысында әйел адам ысты газдан көз жұмды

Павлодар облысында әйел адам ысты газдан көз жұмды
Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында әйел адам ысты газдан көз жұмды. Қайғылы оқиғаға жылытатын пештегі ақау себеп болған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, хабарлама 1 қазан күні сағат 15.53-те түскен. 

"Черноярка ауылында қатты отынмен жылытатын пештің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан 1984 жылы туған үй иесі ауыр дәрежедегі көміртегі тотығымен уланып, ауруханаға жатқызылды. Екінші топтағы мүгедек, 1990 жылы туған әйел сол жерде қайтыс болды. Оларды туыстары тауып алған", – деп хабарлады департамент. 

Ведомство жылыту кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет екенін ескертті: жылыту пештерін іске қоспас бұрын тексеріп, жөндеу қажет. Үш айда бір рет, сондай-ақ жылыту маусымы басталар алдында мұржалар мен пештерді күйеден тазарту керек. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан