Майқайың кеніші аумағында болған апат орнынан екі құтқарушының денесі табылды. Бұл туралы КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының құтқарушылары ақпарат таратты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құм арасынан екі құтқарушының денесі табылды. Оларды жоғарыға шығару жұмыстары жүріп жатыр. Біз әріптестеріміздің отбасына қайғыра көңіл айтамыз", - делінген КӘАҚҚ РОШ ақпаратында.
Әзірге шұңқырдан автобус анықталған жоқ, іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық,4 қаңтарда сағат 01.25 шамасында Баянауыл ауданында "Майқайыңзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткені хабарланды. Алдын ала болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы - 150-200 метр, ені - 500 метр, тереңдігі -150 метр.
"Апат кезінде автобуста төрт адам болды: республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ", – деді департаментте.
Жедел штаб ұйымдастырылды. Оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың басшылығы бар. Психологтар жұмыс істеп жатыр.
Авариялық-құтқару жұмыстарына "Майқайыңзолото" АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ТЖ департаменті құтқарушыларының күштері мен құралдары, барлығы 44 адам, 13 техника және бір дрон жұмылдырылды.
Е.Базарқұл
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!