Павлодар облысында аудандарды су басып жатыр

Павлодар облысында аудандарды су басып жатыр
Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында 3 аудандағы үйлерді су басты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық ТЖД-ға сілтеме жасап.

Өңірде 7 автожол учаскесі бақылауда.

Сондай-ақ су тасқынына қарсы іс–шаралар жүргізіліп жатқан елді мекендердің (Ақтоғай – 2 елді мекен, Тереңкөл – 2, Ертіс – 3, Шарбақты – 1,) 8 учаскесі қырағы бақылауда.

Қазір қардың еруі, қатты нөсер жаңбырдың салдарынан Ақтоғай, Шарбақты және Ертіс аудандарындағы 18 тұрғын үй су астында қалды.

3 сәуірде Ертіс ауданының Ұзынсу ауылын су басу қаупіне байланысты жергілікті атқарушы органдар көліктің барлық түрі үшін "Атамекен-Ертіс-Русская поляна" республикалық маңызы бар жол жабылды. Бүгінде бұл жерде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылында су деңгейі бақылауда. Су тасқынына қарсы іс-шаралар Жалаулы ауылында да жалғасуда. Мұнда 1100 қапшық төселді, 270 тонна инертті материал әкелінді және төгілді, шамамен 60 мың текше метр еріген қар суы сорылды.

"Бүгінде облыстың солтүстік аудандары ерекше бақылауда. Железин ауданы мен Тереңкөл ауданында елді мекендерден еріген қар суын бұру бойынша бөгеттерді толықтыру жұмысы және арықтарды орнату әрекеті жүргізіліп жатыр және мотопомпалар жұмыс істеуде", - деп жазылған хабарламада.

Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараға барлығы 350 адам, 137 техника, 39 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылды.

Айта кетейік, өткен тәулікте облыста 90 мың текше метрден аса еріген су сорылды. 1200 дана қапшық төселіп, 275 тонна инертті материал төгілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz