Павлодар облысында экологиялық талаптарды бұзғаны үшін сегіз әкім әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Экологиялық кодекстің 13-бабы 4-тармағына сәйкес табиғатты сақтау және оның ресурстарына ұқыпты қарау - жеке және заңды тұлғалардың парызы әрі міндеті.
"Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде Аққулы ауданы аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың жиырмадан аса полигоны анықталды, олардың ешқайсында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат жоқ. Экологиялық-санитария талаптарына сәйкес келмейтіні де анықталды, сондай-ақ, нормативтік-техникалық құжаттар жоқтығы белгілі болды", - деп жазылған Павлодар облысы прокуратурасы хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтарды тастау кезінде экологиялық талаптар сақталуын қамтамасыз етпеген. Осылайша сегіз ауылдық округ әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы сомасы 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл төленді.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да бірнеше шенеунік жауапқа тартылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова