Павлодар облысында 40-қа жуық ірі қараның қырылу фактісі бойынша тексеру жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық ветеринария басқарамасының мәліметінше, 14 шілдеде Железин ауданы Башмачное ауылында "Асан" шаруа қожалығының 37 ірі қарасы не себептен қырылып қалғаны белгілі болды. Облыстық зертханада су сынамаларын зерттеген еді.
"Зертханалық сараптаманың нәтижесі бойынша малдар су ішкен жерден, құдықтың топырағынан келесі пестицидтерді анықтады: "Дихлорфос", "Диметоат", "Паратионметил", "Хлорпирифос", - деп түсіндірді облыстық ветеринария басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев.
Сонымен бірге алынған патологиялық материалда "пастереллез" ауруына қатысты теріс нәтижені көрсетті.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында Железин ауданындағы Башмачный ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде 37 сиыр уланып қалғанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!