Павлодар облысында 36 мың теңге үшін әйелін өлтіріп, денесін бөлшектеген ер адам өзін ақтауды сұрады

Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы адам өлтiру фактісі бойынша қылмыстық істі қайта қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйке, 2022 жылғы күзде Тереңкөл ауылындағы үйдің бірінде ер адам мен оның азаматтық әйелі арасында ақша үшін жанжал туындаған. Ауыл тұрғыны әйелі 36 мың теңгені жұмсағаны үшін оны жұдырықтап ұрып, соққыға жыққан. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Ер адам жасаған қылмысты жасыру мақсатында қоймадан балта мен араны алып, әйелдің мәйітін бөлшектеп, үш қапқа салып, оны Ертіс өзеніне тастаған. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Алайда айыпталушы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Ол бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Сот алқасы қылмыстық іс материалдарын зерделеп, апелляциялық шағымның дәлелдерін тексере келе, бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды деген қорытындыға келді. 

"Ер адамның кінәсі тергеу хаттамаларымен, сот-медициналық сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген", - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі. 

Осыған байланысты үкім өзгеріссіз, сотталған адамның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Қаулы заңды күшіне енді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!