Павлодар облысында 1974 жылғы үлгідегі паспортын айырбастамаған азаматтар анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысының көші-қон қызметі 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортын Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарға уақытылы айырбастамаған және 18 жасқа толғаннан кейін жеке басын куәландыратын құжатын рәсімдемеген азаматтарды анықтады.
"Биыл КСРО үлгісіндегі паспортын айырбастамаған 12 павлодарлық, 18 жастан асқаннан кейін төлқұжат алмаған 20 азамат, сондай-ақ, азаматтығы жоқ 8 облыс тұрғыны құжат алды", – дейді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
ІІМ мәліметінше, құжатсыз адамдар – көбіне ТМД елдерінің бірінің жарамсыз паспорттары бар адамдар, сондай-ақ бұрынғы КСРО паспорттарының иелері. Құжатсыз халықтың басым бөлігі кәмелетке толмаған кезінде бұрынғы КСРО республикаларынан Қазақстанға көшіп келген тұлғалар. Құжаттары болмауына байланысты бұл азаматтар жәрдемақы алу құқығынан айырылды, мемлекеттік қызметтерді алу құқығы шектелген.
Айта кетейік, 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорттарын Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарға уақытылы айырбастамаған адамдар және туу туралы куәліктерімен жүрген адамдар тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне немесе облыстың көші-қон қызметі басқармасының 66-10-15 телефонына кеңес алу үшін жүгінуі қажет.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!