Павлодар облысында 16 жастағы асыранды қызды зорлаған күдікті өзіне қол жұмсады

Павлодар облысында 16 жастағы асыранды қызды зорлаған күдікті өзіне қол жұмсады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның сөзінше, отбасыда бес асыранды бала болған.

Жасөспірімдер ересектердің тілін алмай, тыңдамаған соң асырап алушылар олардан 2022 жылы бас тартқан. Олардың арасында зорлау әрекетінің құрбаны болған 16 жастағы қыз болды. 

"Мекемеде жоспарлы медициналық тексерулер жүргізілуде. Гинеколог маманы кәмелетке толмаған қызбен әңгімелесу барысында осындай факті анықталды. Қыздың сөзінше, асырап алушы ата-анасының тарапынан оған қатысты зорлық болған. Бүгінгі таңда сол отбасыдан қайтарылған бес бала медициналық тексеруден өтеді", - деді Самал Айтқазина. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмаған адамды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталды. Алайда күдікті осы факті бойынша полицияға жүгінгенін біліп, өз-өзіне қол жұмсады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Тергеу Павлодар облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында кәмелетке толмаған балаларды қорлау дерегі әшкере болғанын жазған едік. 16 және 15 жастағы ағасы мен қарындасы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!