Павлодар облысы Шарбақты ауданында 19 шілдеде 12 жастағы қыз босанды. Ақпаратты Massaget.kz тілшісіне Павлодар облысының Білім беру басқармасы растады.
Ведомство мәліметінше, оқушы тамызда 13 жасқа толады.
"Мектеп директоры жұмыстан кету туралы арыз жазуына байланысты қызметінен босатылды. Білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді", - деп жазылған Павлодар облысы Білім беру басқармасының жауабында.
Оқушы Павлодар облыстық перинаталдық орталығында босанған. Өмірге қыз бала әкелген. Ал оқушының жүктілігін бірінші мұғалімдер байқаған.
Оқушы зорланғаннан кейін жүкті болған. Балалар омбудсмені Динара Закиеваның айтуынша, қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
"Қылмыстық іс тергеліп, сот-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр", - деді Закиева.
Қазір сәби анасымен бірге.
Massaget.kz өңірдің Полиция департаментіне ресми сауал жолдады.
Айта кетейік, өңірлерде мұндай оқиғалар тыйылмай тұр. Редакция осы және өзге де осыған ұқсас жағдайларды анықтау мақсатында Оқу-ағарту министрлігіне жүгінді. Министрліктің ресми жауабы алдағы уақытта жарияланады.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте де кәмелетке толмаған 73 қыз жүкті болып қалғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!