- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодар облысында 100-ден...
Павлодар облысында 100-ден аса ауыл жарықсыз қалды
Павлодар облысында дауыл салдарынан жүзден аса ауыл жарықсыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірдің ТЖД мәліметінше, 11 қаңтарға қараған түні жылдамдығы секундына 37 метрге жеткен дауыл соғып, салдарынан ауылдардың бір бөлігінде жарық сөніп, байланыстан да ажырап қалған. Қазір 69 ауылда жарық қосылды, дегенмен 48 ауыл әлі де жарықсыз отыр.
"Сегіз ауданда, сондай-ақ, Павлодарда, Ақсу және Екібастұз ауылдарында электр қуаты сөніп қалды. Облыс орталығында қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Облыс аудандарында жұмыстар жалғасып жатыр", - деп жазылған Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығынан төрт мектеп пен бір мәдениет үйінің шатыры бүлінген.
"Аудан әкімдіктері залалды есептейді, содан кейін қалпына келтіретін мердігер ұйымдар анықталады", - деді аймақ әкімінің баспасөз қызметі өкілі.
Облыстық ТЖД мәліметтері бойынша түнгі ауа райына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдардың 23 учаскесінде қозғалыс шектелді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова