Павлодар облысы Баянауыл ауданында қарақұрт көбеюіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Торайғыр ауыл округі мен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қауіпті зиянкестің ошағына айналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Мамандардың сөзінше, қарақұрт Торайғыр көлі жағасының үш шақырымға жуық жерін басты. Улы өрмекшіден зардап шеккендер тіркелмеген, бірақ зиянкестердің көптігі ауыл тұрғындары мен демалушыларға айтарлықтай қауіп төндіріп жатыр.
Әкімдіктің мәліметінше, аса улы жәндікті жоюға аудандық резервтен қаржы бөлініп, химиялық өңдеу жасайтын мердігер анықталып жатыр. Бүгінге дейін ұлттық парк қызметкерлері қарақұртты қолмен терген, бірақ одан нәтиже болмапты.
Мамандардың айтуынша, жүз гектар жерді басқан өрмекшілердің жұмыртқасын әрбір үшінші тастың астынан байқауға болады. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы демалушыларға еш қауіп төніп тұрған жоқ дейді.
"Туристерге қауіп жоқ. Демалушыларға түсіндірме жүргізіліп жатыр. Ауданда қарақұрттың бар екені туралы ескерту тақталарын да орнаттық. Өңдеуден кейін химиялық препарат жаңбыр суымен көлге түсіп, судағы микроорганимздерге қауіп төндіруі мүмкін.Сондықтан біз мердігер жүргізетін биологиялық зерттеудің қорытындысын күтеміз. Содан кейін ғана өңдеуге кірісеміз", - дейді Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Айдар Жүсіпов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!