Павлодар облысы әкімі Асайын Байханның суреті жалған жарнамада қолданылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы шенеунік әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Жарнамаларда оның аты-жөні Ерасыл Жақсылықов деп көрсетілген.
"Соңғы кезде маған Инстаграм әлеуметтік желісінде менің суретім бейнеленген заңгерлік кеңестер беру туралы жарнаманың скриншоттарын жіберіп жатыр.
Әрине, менің аты-жөнім Жақсылықов Ерасыл емес, мен ешқандай тегін заңгерлік кеңес бермеймін.
Сондықтан мен өзімнің заңгерлеріме осы жарнама туралы анықтауды тапсырдым. Инстаграмда осындай жарнама кезіктірген жазылушыларыма ол жарияланымға шағым жасауын сұраймын. Сіздерге осындай көмек үшін алғыс айтамын", - деп жазған ол Желіде.
Айта кетейік, шенеунік былтыр желтоқсанда Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Павлодар қаласының әкімі болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!