Павлодар маңында анасы мен балалары отырған көлік батып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға Павлодар ауылында болды. Әйел мен кәмелетке толмаған екі баланың денесі көліктен шығарылған.
Павлодар облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, құтқарушылар 25 тамызда сағат 22:53-те Ертістен қаза тапқандардың денесін шығарып алған.
"1980 жылы туылған әйел мен оның 6 және 9 жастағы екі баласы қайтыс болды, олар кешкі сағат 21:40 шамасында жеңіл көлікпен өзенге түсіп, өздігінен шыға алмаған", - деп түсіндірді баспасөз қызметі өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 11 адам суға батып кеткенін, құтқарушылар тоғыз адамның мәйітін тапқаны хабарланған еді.
Олардың екеуі - әйел, тоғызы - бала. Балалардың ең кішісі төрт жаста екен.
Кейінірек әлеуметтік желіде олардың суға шомылуға бармағаны, көпір сынып, адамдар содан кейін суға батқаны туралы ақпарат тарады.
Алайда мұны Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Запаров растамады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!