Павлодар маңында ғалымдар ерте қола дәуіріне жататын бірегей қорым тапты. Артефактілер осыдан төрт мың жыл бұрын жергілікті тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстанғанын және алғашқы металлургтер болғанын көрсетеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Археологтарды құм карьеріне жергілікті балықшы шақырған. Ол осы жерден адам сүйектерін тауып алған. Мамандар қазба жұмыстарын жалғастырып, бірқатар құнды жәдігерге кезіккен. Көне дәуір адамы еңбек құралдарымен бірге жерленген.
Қазба орнынан кварциттен жасалған кетпен, тас уатқыш және жылтыратылған балта табылды. Ғалымдар бұл құралдар кенді ұсақтау мен металл өңдеуге пайдаланылған деп болжап отыр. Сондай-ақ алғашқы балқыту пештерінің орны болуы мүмкін ошақ іздері анықталды.
Енді мамандар төрт мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігін заманауи технологиялардың көмегімен зерттемек.
С. Бөлек"Бұл жерден қыш ыдыс сынықтары мен көмір қалдықтары табылды. Яғни бұл аумақты адамдар тас дәуірінен, кейінгі тас дәуірінен бастап мекендеген. Қолымыздағы микроскоптардың көмегімен олардың металл өңдеген-өңдемегенін, қандай металды және оны қандай мақсатта пайдаланғанын нақты анықтай аламыз. Сонымен қатар топырақ үлгілерін алдық. Ежелгі климатты қалпына келтіру үшін арнайы зерттеулер жүргіземіз", - деді Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті жанындағы Археологиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Елена Тушева.